Мұнай-газ өндіру кәсіпорындарының өндірістік алаңдарында ластаушы заттардың таралуын модельдеу ерекшеліктері

Аннотация

АННОТАЦИЯ

Негіздеу. Мұнай-газ өндіру кәсіпорындарының өндірістік объектілері атмосфералық ауаға елеулі техногендік жүктеме түсіретін күрделі өндірістік жүйелер болып табылады. Өндірістік алаңдарда ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған шығарындылар көздерінің бір мезгілде болуы, технологиялық инфрақұрылымның жоғары тығыздығы және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар ластаушы заттардың таралу процестерін күрделендіреді. Осыған байланысты атмосфералық ауаның ластану деңгейін болжау үшін математикалық модельдеу әдістерін қолдану ерекше маңызға ие.

Мақсаты. Зерттеудің мақсаты – мұнай-газ өндіру кәсіпорындарының өндірістік алаңдарында ластаушы заттардың таралуын модельдеу ерекшеліктерін талдау, есептеулердің дәлдігіне әсер ететін негізгі факторларды анықтау және РШН жобалары мен ЭРА бағдарламалық кешенінде орындалған верификациялық есептеулер нәтижелерінің сәйкестігін бағалау.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу барысында №1 және №2 кәсіпорындарының өндірістік объектілері бойынша рұқсат етілетін шығарындылар нормативтері жобаларының материалдары, атмосфералық ауаға таралу есептеулері және ЭРА бағдарламалық кешенінде орындалған верификациялық модельдеу нәтижелері пайдаланылды. Негізгі зерттеу әдістері ретінде салыстырмалы талдау, математикалық модельдеу, кеңістіктік интерпретация және таралу карталарын сараптамалық бағалау қолданылды.

Нәтижелері. Зерттеу нәтижелері мұнай-газ өндіру кәсіпорындарында ұйымдастырылған көздер жиынтық шығарындылардың 60–70 %-ын қалыптастыратынын, ал ұйымдастырылмаған көздердің үлесі 20–30 %-ға дейін жететінін көрсетті. Сонымен қатар, ұйымдастырылмаған төмен көздер жерүсті концентрацияларын қалыптастыруда жоғары әсерге ие екені анықталды. Ең жоғары концентрациялар азот диоксиді, күкіртсутек, күйе және бенз(а)пирен бойынша байқалды. Модельдеу нәтижелері метеорологиялық факторлардың, әсіресе жел жылдамдығы мен атмосфераның температуралық тұрақтылығының шешуші рөл атқаратынын көрсетті. Верификациялық есептеулер есептік және жобалық концентрация өрістерінің жалпы алғанда қанағаттанарлық сәйкестігін растады.

Қорытынды. Ластаушы заттардың таралуын модельдеу мұнай-газ өндіру кәсіпорындарының атмосфералық ауаға әсерін бағалаудың тиімді құралы болып табылады. Ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған шығарындылар көздерін, технологиялық құрылыстың тығыздығын және метеорологиялық жағдайларды кешенді есепке алу модельдеу нәтижелерінің сенімділігін арттырады. Алынған нәтижелер санитариялық-қорғау аймақтарын негіздеу, табиғатты қорғау іс-шараларын әзірлеу және өндірістік экологиялық бақылауды жетілдіру кезінде қолданылуы мүмкін.

Толық мәтін

Кіріспе

Қазіргі кезеңде мұнай-газ өндіру өнеркәсібі қоршаған ортаға әсер ету деңгейі жоғары стратегиялық салалардың бірі болып табылады. Өндірістік объектілерді пайдалану барысында атмосфералық ауаға көмірсутектер, азот оксидтері, күкіртсутек, күйе, ұшпа органикалық қосылыстар және басқа да ластаушы заттар бөлінеді. Бұл заттардың таралу сипаты шығарындылар көздерінің түріне, өндірістік процестердің технологиялық ерекшеліктеріне, метеорологиялық жағдайларға және өндірістік алаңдардың кеңістіктік ұйымдастырылуына тәуелді.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне [1] сәйкес атмосфералық ауаға әсерді бағалау және рұқсат етілетін шығарындылар нормативтерін негіздеу үшін ластаушы заттардың таралуын есептеу міндетті түрде жүргізіледі. Қазіргі уақытта мұндай есептеулерді жүргізудің негізгі құралдарының бірі – ЭРА бағдарламалық кешені болып табылады. Бұл кешен атмосфераның жерүсті қабатындағы концентрациялардың кеңістіктік таралуын модельдеуге және санитариялық-қорғау аймақтарын ғылыми негіздеуге мүмкіндік береді [2-4].

Мұнай-газ өндіру кәсіпорындарының ерекшелігі ұйымдастырылған, ұйымдастырылмаған және авариялық шығарындылар көздерінің қатар болуымен сипатталады. Ұйымдастырылған көздерге алау қондырғылары, түтін мұржалары және компрессорлық жүйелер жатса, ұйымдастырылмаған көздерге резервуарлардан булану, фланецтік қосылыстардағы ағып кетулер және технологиялық алаңдар жатады. Осындай әртүрлі көздердің болуы таралу модельдеуінің күрделілігін арттырады.

Тәжірибеде рұқсат етілген шығарындылар нормативінің жобаларын әзірлеу және верификациялық есептеулер жүргізу кезінде негізгі қиындық шығарындылар көздерінің параметрлерін дұрыс есепке алуға, сондай-ақ модельдеу үшін бастапқы деректердің сенімділігін қамтамасыз етуге байланысты. Талдау нәтижелері ластаушы заттар көздерінің кеңістікте орналасуы, технологиялық процестердің ерекшеліктері және ластаушы заттардың сипаттамалары таралу есептеулерінің нәтижелеріне елеулі ықпал ететінін көрсетті.

Мұнай-газ өндіру объектілерінде ластаушы заттардың таралуын модельдеу ерекшеліктерін бағалау мақсатында №1 және №2 Кәсіпорын объектілері бойынша рұқсат етілген шығарындылар норматив жобаларының нәтижелері мен ЭРА бағдарламалық кешенін пайдалану арқылы орындалған верификациялық есептеулер деректері талданды.

 

Материалдар мен әдістер

Зерттеу барысында №1 және №2 кәсіпорындарының өндірістік объектілері бойынша рұқсат етілген шығарындылар норматив жобаларының материалдары және ЭРА бағдарламалық кешенінде орындалған верификациялық есептеулер пайдаланылды. Талдау шеңберінде шығарындылар көздерінің параметрлері, ластаушы заттардың құрамы, метеорологиялық деректер және концентрациялардың таралу карталары қарастырылды.

Таралу есептеулері ОНД-86 әдістемесіне сәйкес орындалды. Модельдеу барысында желдің жылдамдығы мен бағыты, атмосфера тұрақтылығының санаттары, рельеф ерекшеліктері және өндірістік құрылыстың тығыздығы ескерілді.

Ұйымдастырылмаған шығарындылар көздерін модельдеу кезінде аудандық және көлемдік көздер аппроксимациясы қолданылды. Верификациялық талдау барысында максималды концентрациялар аймақтарының орналасуы, изосызықтардың конфигурациясы және 1 шекті рұқсат етілген концентрациядан асатын аймақтардың шекаралары салыстырылды (Кесте 1). 1-кестеде қалалық және ауылдық елді мекендердің атмосфералық ауасындағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациялары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы № ҚР ДСМ-70 бұйрығымен бекітілген гигиеналық нормативтерге сәйкес келтірілген. Аталған нормативтер атмосфералық ауа сапасын бағалаудың негізгі санитариялық-гигиеналық критерийлері [5] болып табылады және модельдеу нәтижелерін экологиялық тәуекел деңгейі бойынша интерпретациялауға мүмкіндік береді.

 



Кесте 1. Қалалық және ауылдық елді мекендердің атмосфералық ауасындағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы

Table 1. Air Quality Standards: Maximum permissible concentrations of pollutants in urban and rural areas.

ЛЗ коды

ЛЗ атауы

ШРК м/р, мг/м³

ШРК с/с, мг/м³

ОБУВ, мг/м³

Қауіптілік классы

0123

Темір (II, III) оксидтері (темірге шаққанда) (диТемір триоксиді, темір оксиді)

-

0,04

-

3

0143

Марганец және оның қосылыстары (марганец (IV) оксидіне шаққанда)

0,01

0,001

-

2

0150

Натрий гидроксиді (күйдіргіш натрий, каустикалық сода)

-

-

0,01

-

0152

Натрий хлориді (ас тұзы)

0,5

0,15

-

3

0214

Кальций дигидрооксиді (Сөндірілген әк, үлпілдек әк)

0,03

0,01

-

3

0301

Азот (IV) диоксиді (Азот диоксиді)

0,2

0,04

-

2

0304

Азот (II) оксиді (Азот оксиді)

0,4

0,06

-

3

0328

Көміртек (күйе, қара көміртек)

0,15

0,05

-

3

0330

Күкірт диоксиді (күкіртті ангидрид, күкіртті газ, күкірт (IV) оксиді)

0,5

0,05

-

3

0333

Күкіртсутек (дигидросульфид)

0,008

-

-

2

0337

Көміртек оксиді (көміртек тотығы, иіс газы)

5,0

3,0

-

4

0342

Фтордың газ тәрізді қосылыстары (фторға шаққанда):

0,02

0,005

-

2

0344

Нашар еритін бейорганикалық фторидтер (алюминий фториді, кальций фториді, натрий гексафторалюминаты) (фторға шаққандағы нашар еритін бейорганикалық фторидтер)

0,2

0,03

-

2

0410

Метан

-

-

50

-

0415

Смесь углеводородов предельных С1-С5

-

-

50

-

0416

Смесь углеводородов предельных С6-С10

-

-

30

-

0501

Пентилены (амилены – смесь изомеров)

1,5

-

-

4

0521

Пропен (Пропилен)

3,0

-

-

3

0602

Бензол

0,3

0,1

-

2

0616

Диметилбензол (смесь о-, м-, п- изомеров)

0,2

-

-

3

0621

Метилбензол

0,6

-

-

3

0627

Этилбензол

0,02

-

-

3

1071

Фенол

0,01

0,003

-

2

1107

2-Метил-2-метокипропан (Метил-трет-бутиловый эфир)

0,5

-

-

4

1716

Смесь природных меркаптанов (в пересчёте на этилмеркаптан) (Одорант СПМ – ТУ 51-81-88)

0,00005

-

-

3

1847

(Метиламино) бензол (Монометиланилин, N-Метиланилин)

0,04

-

-

3

1880

Ди(2-гидроксиэтил) амин (Диэтаноламин)

0,05

-

-

-

2735

Масло минеральное нефтяное (веретенное, машинное, цилиндровое и др.)

-

-

0,05

-

2752

Уайт-спирит

-

-

1

-

2754

Алканы С₁₂₋₁₉ (Углеводороды предельные С₁₂₋₁₉ (в пересчёте на С); Растворитель РПК-265П)

1,0

-

-

4

2902

Взвешенные частицы

0,5

0,15

-

3

2908

Пыль неорганическая, содержащая двуокись кремния в %: 70-20 (шамот, цемент, пыль, цементного производства – глина, глинистый сланец, доменный шлак, песок, клинкер, зола кремнезем, зола углей казахстанских месторождений)

0,3

0,1

-

3

2909

Пыль неорганическая, содержащая двуокись кремния в %: менее 20 (доломит, пыль цементного производства – известняк, мел, огарки, сырьевая смесь, пыль вращающихся печей, боксит)

0,5

0,15

-

3

2930

Пыль абразивная (Корунд белый, Монокорунд)

-

-

0,04

-

 

 

 

Нәтижелер және талқылау

Зерттеу шеңберінде №1 Кәсіпорны және №2 Кәсіпорны объектілері бойынша шығарындылар көздерінің құрылымы мен ластаушы заттардың таралуын модельдеу нәтижелеріне талдау жүргізілді [6-9]. Мұнай-газ өндіру кәсіпорындарындағы шығарындылар құрылымы жоғары деңгейдегі біркелкі еместікпен сипатталатыны және әртүрлі қуаттағы ұйымдастырылған, ұйымдастырылмаған және авариялық көздерді қамтитыны анықталды. Ластаушы заттардың жерүсті концентрацияларының қалыптасуына ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған шығарындылар көздері, технологиялық құрылыстың тығыздығы, метеорологиялық жағдайлар параметрлері және шығарындылар көздерінің кеңістікте орналасуы негізгі әсер етеді.

Ұйымдастырылған шығарындылар көздеріне алау қондырғылары, қазандықтардың түтін мұржалары, газ айдау агрегаттары, компрессорлық жабдықтар және мұнай мен газды дайындау технологиялық қондырғыларының желдеткіш шығарындылары жатады.

Ұйымдастырылған шығарындылар көздерінің биіктігі, саға диаметрі, газ-ауа қоспасының температурасы мен шығу жылдамдығы сияқты нақты геометриялық және аэродинамикалық параметрлермен сипатталады. Бұл параметрлер таралуды модельдеудің стандартты есептік схемаларын қолдануға мүмкіндік береді [9-10].

Верификациялық есептеулер нәтижелері бойынша №1 және №2 Кәсіпорын объектілерінде ұйымдастырылған көздер ластаушы заттардың жиынтық шығарындыларының негізгі үлесін қалыптастырып, жалпы көлемнің 60–70 %-ына дейін жететіні анықталды. Бұл ретте ең үлкен әсерді алау жүйелері көрсетеді.

Алау қондырғылары шығарындылардың жоғары температурасымен және газдың жоғары шығу жылдамдығымен сипатталады, бұл көтерілмелі алаудың қалыптасуына және көзге жақын аумақта жерүсті концентрацияларының төмендеуіне ықпал етеді. Алайда қолайсыз метеорологиялық жағдайларда ластаушы заттар біраз алыс қашықтыққа таралуы мүмкін.

Ұйымдастырылған көздер бойынша таралу есептеулері ОНД-86 әдістемесі [3] мен ЭРА бағдарламалық кешенін пайдалану арқылы, шығарындылар көздерінің параметрлері мен объектілер орналасқан ауданның метеорологиялық сипаттамаларын ескере отырып орындалды.

Ұйымдастырылмаған шығарындылар көздеріне резервуарлардың тыныс алу клапандары, ашық беттерден булану, фланецтік қосылыстар арқылы болатын ластауыш заттардың ұшып кетуі, сорғы жабдықтары, технологиялық алаңдар және құю эстакадалары жатады.

Ұйымдастырылмаған көздерді есепке алудың негізгі қиындығы нақты геометриялық параметрлердің болмауына және шығарындылардың уақыт бойынша жоғары өзгергіштігіне байланысты. Таралу есептеулерінде мұндай көздер аудандық немесе көлемдік көздер түрінде аппроксимацияланады.

№1 және №2 Кәсіпорын деректерін талдау ұйымдастырылмаған көздердің жиынтық үлесі жалпы шығарындылар көлемінің 20–30 %-ына дейін жетуі мүмкін екенін көрсетті. Сонымен қатар, шығарындылар көздерінің биіктігінің төмендігі, бастапқы алау көтерілуінің болмауы, жұмыс аймағына жақын орналасуы және жабдықтардың тығыз орналасуы салдарынан олардың жерүсті концентрацияларын қалыптастырудағы әсері көбінесе ұйымдастырылған көздерден де жоғары болады.

Ұйымдастырылмаған көздерді модельдеу кезіндегі ерекше қиындықтар аспаптық деректердің жеткіліксіздігімен және шығарындылар параметрлерінің анық емес болуына байланысты.

Авариялық шығарындылар – құбырлардың герметизациясы бұзылғанда, жабдық істен шыққанда немесе технологиялық режимдер бұзылғанда пайда болатын қысқа мерзімді, бірақ қарқынды шығарындылар.

Мұнай-газ өндіру объектілері үшін ең қауіптісі – жоғары уыттылығымен және атмосфераның жерүсті қабатында тез таралу қабілетімен ерекшеленетін күкіртсутек пен жеңіл көмірсутектердің шығарындылары.

Авариялық шығарындыларды модельдеу уақыт бойынша шығарындылар параметрлерінің өзгеруін, метеорологиялық жағдайлар динамикасын, газдардың тығыздық стратификациясын және жоғары концентрациялы жергілікті аймақтардың қалыптасуын ескеретін стационарлық емес модельдерді қолдануды талап етеді.

Авариялық шығарындыларды есептеу нәтижелері персонал мен халық үшін тәуекелдерді бағалау кезінде, сондай-ақ авариялық жағдайларды жою жоспарларын әзірлеуде пайдаланылады.

Мұнай-газ өндіру кәсіпорындары үшін көмірсутекті шикізатты өндіру, дайындау, сақтау және жағу процестері кезінде қалыптасатын ластаушы заттар шығарындыларының күрделі құрамы тән. Негізгі ластаушы заттарға азот оксидтері, күкірт диоксиді, күкіртсутек, көміртек оксиді, ұшпа органикалық қосылыстар, әртүрлі фракциядағы көмірсутектер, метан және қалқыма заттар жатады. Шығарындылардың едәуір бөлігі технологиялық жабдықтарды, алау жүйелерін, резервуарларды пайдалану және отынды жағу процестерімен байланысты.

Таралу модельдеуі мен верификациялық есептеулер нәтижелерін талдау азот диоксиді (NO₂), күйе, күкіртсутек (H₂S) және бенз(а)пирен үшін ең жоғары жерүсті концентрациялары қалыптасатынын көрсетті. Азот диоксидінің максималды есептік концентрациялары шекті рұқсат етілген концентрацияның 8352->10000 үлесіне дейін, күйе бойынша – 2171-3040 шекті рұқсат етілген концентрация үлесіне дейін, бенз(а)пирен бойынша – 779-1046 ШРК үлесіне дейін, ал күкіртсутек бойынша – 545-637 ШРК үлесіне дейін жетеді. Алынған нәтижелер отынды жағу процестерінің, алау жүйелерінің жұмысының және көмірсутекті шикізат айналымының атмосфералық ауаның ластануын қалыптастыруға елеулі әсер ететінін көрсетеді.

№1 Кәсіпорын бойынша жүргізілген салыстырмалы талдау ластаушы заттардың басым бөлігі үшін жоғары концентрациялар №3 өндірістік алаңға тән екенін көрсетті, бұл шығарындылар көздерінің тығыздығының жоғары болуымен және технологиялық процестердің неғұрлым қарқынды жүруімен түсіндіріледі. Сонымен қатар, азот диоксиді, күкіртсутек, формальдегид және бензол сияқты заттар жоғары уыттылығы мен салыстырмалы түрде төмен шығарындылар көлемінде де елеулі әсер ету аймақтарын қалыптастыру қабілетіне байланысты ең жоғары экологиялық тәуекел тудырады. Ал жеңіл фракциялы көмірсутектер (С₁–С₁₀) №2 өндірістік алаңда жоғары концентрациялармен сипатталса, ауыр көмірсутектер мен отынның толық жанбау өнімдері №3 өндірістік алаңда басым байқалады.

Таралу процестеріне әсер ететін факторлар. №1 және №2 Кәсіпорын объектілері бойынша ластаушы заттардың таралуын модельдеу нәтижелерін талдау жерүсті концентрацияларының қалыптасуына ең алдымен метеорологиялық жағдайлар, әсіресе жел жылдамдығы мен атмосфераның температуралық тұрақтылығы шешуші әсер ететінін көрсетті. Жел жылдамдығы 1–2 м/с-тан төмен болған жағдайда ауа массаларының араласу қарқындылығы төмендеп, атмосфераның жерүсті қабатында ластаушы заттардың жиналуы байқалады. Ең қолайсыз жағдайлар температуралық инверсия кезінде қалыптасады, бұл кезде тік араласу шектеліп, өндірістік алаңдар маңында ластаушы заттар концентрациясының жергілікті жоғарылауы орын алады.

Таралу есептеулерінің салыстырмалы талдауы концентрациялардың кеңістікте таралуына технологиялық құрылыстың тығыздығы елеулі әсер ететінін көрсетті. Резервуарлық парктер, құбыржолдар және технологиялық жабдықтар шоғырланған учаскелерде турбуленттілік пен ауа ағындарының рециркуляция аймақтары қалыптасып, бұл ластаушы заттардың біркелкі емес таралуына алып келеді. Шығарындылар көздері неғұрлым тығыз орналасқан №2 Кәсіпорын үшін №1 Кәсіпорынмен салыстырғанда жоғары концентрациялардың анағұрлым ауқымды аймақтарының қалыптасуы байқалды.

Шығарындылар көздерінің параметрлері де ластаушы заттардың таралу сипатына айтарлықтай әсер ететіні анықталды. Алау қондырғылары мен түтін мұржаларын қоса алғанда, биік ұйымдастырылған көздер ластаушы заттардың атмосфераның жоғарғы қабаттарына көтерілуін қамтамасыз етіп, көздер маңындағы концентрациялардың төмендеуіне ықпал етеді. Ал ұйымдастырылмаған және төмен көздер атмосфераның жерүсті қабатына және өндірістік объектілердің жұмыс аймақтарына неғұрлым күшті әсер етеді. Жүргізілген талдау таралуды модельдеу кезінде ең жоғары анықталмағандықты дәл ұйымдастырылмаған көздер қалыптастыратынын көрсетті, өйткені олардың параметрлері жоғары өзгергіштікпен және бастапқы деректердің шектеулілігімен сипатталады.

Ластаушы заттардың таралу есептеулерін верификациялау ЭРА бағдарламалық кешенін пайдалану арқылы математикалық модельдеу нәтижелерін №1 және №2 Кәсіпорындардың рұқсат етілетін шығарындылар нормативтері жобалары құрамында әзірленген таралу карталарымен салыстыру жолымен орындалды.

Салыстырмалы талдау ластаушы заттардың кеңістікте таралуының негізгі сипаттамалары бойынша жүргізілді, оның ішінде максималды концентрациялар аймақтарының орналасуы, изосызықтардың пішіні, 1 шекті рұқсат етілген концентрациядан асатын аймақтардың шекаралары, таралу өрістерінің жалпы конфигурациясы, сондай-ақ есептеулердің метеорологиялық жағдайлардың өзгеруіне сезімталдығы қарастырылды (1,2-суреттер).                                                                                                                                                               

Сурет 1. №1 кәсіпорын бойынша ластаушы заттардың таралу карталары және концентрациялар изосызықтары

Figure 1 Dispersion Maps and Ground-Level Concentration Isopleths of Air Pollutants for Enterprise No.1

№1 және №2 Кәсіпорындары бойынша жүргізілген талдау нәтижелері есептік және жобалық концентрация өрістерінің жалпы алғанда қанағаттанарлық сәйкестігін көрсетті. Елеулі жүйелік айырмашылықтар анықталған жоқ; байқалған жергілікті ауытқулар нүктелік сипатқа ие және ластаушы заттардың кеңістікте таралуының жалпы көрінісіне айтарлықтай әсер етпейді (Сурет.3, Кесте 2).                        

Сурет 2. №2 кәсіпорын бойынша ластаушы заттардың таралу карталары және концентрациялар изосызықтары

Figure 2 Dispersion Maps and Ground-Level Concentration Isopleths of Air Pollutants for Enterprise No. 2

 

Аталған айырмашылықтар негізінен модельдеу кезінде пайдаланылған бастапқы метеорологиялық деректердің вариацияларымен, сондай-ақ кәсіпорындар бойынша бастапқы ақпаратты өзектендіру барысында шығарындылар көздерінің сипаттамалары мен жұмыс режимдерін нақтылаумен түсіндіріледі.

Сурет 3. Ластаушы заттардың таралу карталары және №1 және №2 кәсіпорындар бойынша концентрациялар изосызықтары

Figure 3 Dispersion Maps and Ground-Level Concentration Isopleths of Air Pollutants for Enterprises No. 1 and No. 2

Кесте 2. №2 және №3 өнеркәсіптік алаңдардағы ластаушы заттардың жерүсті концентрацияларын салыстырмалы бағалау

Table 2. Comparative Analysis of Maximum Predicted Pollutant Concentrations and Their Environmental Significance at Industrial Sites No. 2 and No. 3

 

ЛЗ коды

ЛЗ атауы

Қауіптілік классы

№2 өнеркәсіп-

тік алаң
Cm (ШРК үлесі)

№3 өнеркәсіп-

тік алаң
Cm (ШРК үлесі))

Салыстырмалы сипаттама

Экологиялық маңыздылығы

0301

Азот диоксиді (NO2)

2

8352

>10000

№3 өнеркәсіптік алаңда айтарлықтай жоғары

Әсер ету аймақтарын қалыптастыратын негізгі ластаушы зат

0304

Азот оксид (NO)

3

679

916

№3 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Фотохимиялық процестерге әсер етеді

0330

Диоксид серы (SO₂)

3

523

701

№3 өнеркәсіптік алаңда орташа

өсім байқалады

Қышқыл жауын-шашын мен тыныс алу жолдарының тітіркенуіне ықпал етеді

0333

Сероводород (H₂S)

2

637

545

№2 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Жоғары уыттылық, жұмыс аймақтары үшін аса маңызды

0328

Сажа (C)

3

2171

3040

№3 өнеркәсіптік алаңда едәуір жоғары

Отынның толық жанбауының индикаторы

1325

Формальдегид

2

521

719

№3 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Канцерогендік әсер, екінші реттік түзілу

0415

УВ С₁–С₅

-

236

119

№2 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Жоғары ұшқыштық, фотохимиялық процестерге ықпал етеді

0416

УВ С₆–С₁₀

-

119

62

№2 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Органикалық ластануды қалыптастырады

0602

Бензол

2

90

81

Салыстырмалы көрсеткіштер

Канцероген, басым бақылауды талап етеді

0616

Ксилолы

3

128

40

№2 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Ұзақ мерзімді әсер кезінде уытты әсер етеді

0703

Бенз(а)пирен

1

779

1046

№3 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Ең қауіпті канцерогендердің бірі

1052

Метанол

3

126

83

№2 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Уыттылық

2754

Алкандар С₁₂–С₁₉

4

651

883

№3 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Ұзақ мерзімді ластануды қалыптастырады

2902

Взвешенные частицы

3

9

25

№3 өнеркәсіптік алаңда жоғары

Влияние на дыхательную систему

Қорытынды

Жүргізілген талдау ластаушы заттардың таралуын модельдеу мұнай-газ өндіру кәсіпорындарының атмосфералық ауаға әсерін сандық тұрғыдан бағалаудың ең тиімді құралдарының бірі болып табылатынын көрсетті. Аталған тәсіл жерүсті концентрацияларының қалыптасу процестерін егжей-тегжейлі сипаттауға және ластанудың кеңістікте таралуының негізгі заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Ластану деңгейіне ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған шығарындылар көздері, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, сондай-ақ өндірістік алаңдардың технологиялық құрылысының жоғары тығыздығы шешуші әсер ететіні анықталды.

Рұқсат етілетін шығарындылар нормативтері жобалары аясында орындалған есептеулер нәтижелерін ЭРА БК-дегі модельдеу нәтижелерімен салыстыру алынған деректердің қанағаттанарлық сәйкестігін көрсетті. Бұл қолданылған есептеу әдістемелерінің дұрыстығын және олардың мұнай-газ өндіру объектілері жағдайында жеткілікті деңгейде қолдануға жарамды екенін дәлелдейді. Нәтижелер арасындағы болмашы айырмашылықтар бастапқы метеорологиялық параметрлердің өзгергіштігімен және бастапқы деректерді өзектендіру кезінде шығарындылар көздерінің сипаттамаларын нақтылаумен түсіндіріледі.

Алынған нәтижелер ластаушы заттардың таралуын математикалық модельдеуді экологиялық нормалау және табиғатты қорғау қызметін басқару міндеттерінде қолданудың практикалық маңыздылығын растайды. Зерттеу нәтижелері экологиялық жүктемені төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, санитариялық-қорғау аймақтарын негіздеу және мұнай-газ кешені объектілеріндегі экологиялық есептеулердің сенімділігін арттыру кезінде пайдаланылуы мүмкін.




ҚОСЫМША АҚПАРАТ

Қаржыландыру көзі. Авторлар осы зерттеуді жүргізу барысында сыртқы қаржыландыру көздері болмағанын мәлімдейді.

Мүдделер қақтығысы. Авторлар осы зерттеуді жүргізуге және мақаланы жариялауға байланысты нақты немесе ықтимал мүдделер қақтығысының жоқ екенін мәлімдейді.

Авторлардың үлесі. Барлық авторлар зерттеу тұжырымдамасын әзірлеуге, деректерді талдауға, қолжазбаны дайындауға және редакциялауға елеулі үлес қосты, жарияланар алдында мақаланың соңғы нұсқасымен танысып, оны мақұлдады. Авторлардың негізгі үлесі келесідей бөлінді: Салимгереев М.Ж. – зерттеу тұжырымдамасын әзірлеу, ластаушы заттардың таралуын модельдеу нәтижелерін талдау, қолжазбаның негізгі бөлімдерін дайындау және қорытындыларды тұжырымдау; Огай Е.К. – зерттеуді әдістемелік сүйемелдеу, атмосфералық ауаны модельдеудің экологиялық аспектілерін талдау, мақаланы ғылыми редакциялау; Идрисова Э.К. – шығарындылар көздері бойынша бастапқы деректерді жинау, жүйелеу және өңдеу, нәтижелерді талдауға және графикалық материалдарды дайындауға қатысу; Басенова М.Б. – атмосфералық ауаны қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық базаны талдау, әдеби шолуды дайындау және мақаланы басылым талаптарына сәйкес рәсімдеу.

 

ADDITIONAL INFORMATION

Funding source. This study was not supported by any external sources of funding.

Competing interests. The authors declare that they have no competing interests related to this study and its publication.

Authors’ contribution. All authors made substantial contributions to the conception and design of the study, data analysis and interpretation, manuscript preparation and revision, approved the final version of the manuscript, and agreed to be accountable for all aspects of the work. The greatest contribution is distributed as follows: Malik Zh. Salimgereev – development of the research concept, analysis of pollutant dispersion modeling results, preparation of the main sections of the manuscript and formulation of conclusions; Evgeniy K. Ogay – methodological support of the study, analysis of environmental aspects of atmospheric air modeling, scientific editing of the manuscript; Elmira K. Idrissova – collection, systematization and processing of source emission data, participation in data analysis and preparation of graphical materials; Marzhan B. Basenova – analysis of environmental legislation and regulatory requirements, preparation of the literature review, and manuscript formatting in accordance with journal requirements.

×

Авторлар туралы

Маржан Бақтыбайқызы Басенова

"ҚМГ Инжиниринг" ЖШС

Хат алмасуға жауапты Автор.
Email: m.bassenova@kmge.kz
ORCID iD: 0009-0004-7974-3313

Экология сараптама басқармасының жетекші инженері

Қазақстан

Малик Жанабаевич Салимгереев

Email: m.salimgereyev@kmge.kz
ORCID iD: 0009-0003-0238-9574

Бейіндік сарапшы («ҚМГ Инжиниринг» ЖШС)

Эльмира Каировна Идрисова

Email: e.idrissova@kmge.kz
ORCID iD: 0009-0000-2420-2350

Экологиялық сараптама басқармасының бастығы

Евгений Кипониевич Огай

Email: y.ogay@kmge.kz
ORCID iD: 0000-0003-2979-1056

Бейіндік сарапшы («ҚМГ Инжиниринг» ЖШС)

Әдебиет тізімі

Қосымша файлдар

Қосымша файлдар
Әрекет
1. JATS XML

© Басенова М.Б., Салимгереев М.Ж., Идрисова Э.К., Огай Е.К.,

Creative Commons License
Бұл мақала лицензия бойынша қол жетімді Creative Commons Attribution-NonCommercial-NoDerivatives 4.0 International License.

Осы сайт cookie-файлдарды пайдаланады

Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.< / br>< / br>cookie файлдары туралы< / a>